Жарнама
Жарнама

"Жеңе алмайтын қарсылас жоқ": Оразбахтин "Андерлехтке" қарсы матч алдында мәлімдеме жасады

Еуропа лигасы плей-оффының алғашқы кездесуі 20 тамызда Алматының Орталық стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 20:00-де басталады. 

"Жеңе алмайтын қарсылас жоқ": Оразбахтин "Андерлехтке" қарсы матч алдында мәлімдеме жасады
sportnews.kz

Алматылық "Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Оразбахтин Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде бельгиялық "Андерлехтке" қарсы өтетін матч алдында қарсыластың деңгейіне баға берді. Қазақстандық маман командасының оң нәтижеге қол жеткізе алатынына сенетінін айтты. 

Оразбахтин "Андерлехттің" әлеуетін бағалады

"Қайрат" бапкерлер штабы бельгиялық клубтың ойындарын алдын ала зерттеген. Оразбахтин "Андерлехттің" құрамында талантты жастармен қатар тәжірибелі футболшылар да бар екенін атап өтті.

"Бұл – жақсы әрі атақты команда. Сапалы футболшылары бар. Бірақ менің ойымша, жеңе алмайтын қарсылас жоқ. Кез келген командамен ойнауға болады. Сондықтан біз табысқа сенеміз және алдағы матчта оң нәтиже көрсетуге тырысамыз", – деді Оразбахтин.

"Андерлехт" пен "Левскидің" айырмашылығы қандай?

Бас бапкер "Андерлехтті" "Қайраттың" алдыңғы қарсыластарының бірі "Левскимен" де салыстырды. Оразбахтиннің пікірінше, екі команданың ойын мәнері бір-біріне ұқсамайды. "Левски" жылдамдық пен шабуылға басымдық берсе, бельгиялықтар комбинациялық футбол ойнап, допты бақылауға тырысады.

Сонымен қатар қазақстандық маман "Андерлехттің" алдыңғы кезеңдегі ПАОК-пен матчтарын да саралағанын жеткізді. Оның пайымдауынша, грек клубында келесі кезеңге өтуге мүмкіндік болған, алайда жекелеген эпизодтар қарсылас пайдасына шешілген.

Канье Уэсттің концертінен кейін алаңның жағдайы қандай?

Баспасөз мәслихатында Алматының Орталық стадионындағы алаңның жағдайы да сөз болды. 15 тамызда бұл стадионда Канье Уэстің концерті өткен еді. Бес күннен кейін сол алаңда "Қайрат" пен "Андерлехт" кездеседі. 

Оразбахтин алаңды әлі толық қарап үлгермегенін, алайда клуб агрономы алаңның жағдайын көрсеткенін айтты.

"Жалпы жағдайы жаман емес. Алаң біраз сарғайған, кей жерлері ыстықтан күйіп кеткен. Бірақ ойнауға болады", – деді "Қайраттың" бас бапкері.

"Қайрат" – "Андерлехт" матчы қашан өтеді?

Еуропа лигасы плей-оффының алғашқы кездесуі 20 тамызда Алматының Орталық стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 20:00-де басталады. 

Қарымта матч 27 тамызда Брюссельде өтеді. Екі кездесудің қорытындысы бойынша жеңімпаз Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алады. 

Жарнама
Жарнама