Дастан Сәтпаев алғаш рет "Бернлидің" негізгі құрамында алаңға шығады
18 жастағы футболшы Англия Лигасы кубогындағы "Брэдфорд Ситиге" қарсы кездесуді алғашқы минуттан бастайды.
Алғашқы мүмкіндік берілді
"Бернли" Англия Лигасы кубогының екінші кезеңінде сырт алаңда "Брэдфорд Ситимен" кездеседі. Ойын Брэдфорд қаласындағы "Вэлли Пэрейд" стадионында өтеді.
Матч алдында жарияланған құрамда Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың негізгі құрамнан орын алғаны белгілі болды. Бұл — қазақстандық футболшының "Бернли" сапындағы алғашқы старттық кездесуі.
Чемпионшиптегі дебютінде 33 минут ойнады
Сәтпаев бұған дейін Англия Чемпионшипінде "Бернли" сапындағы алғашқы матчын өткізген. Ол екінші турдағы "Вест Бромвичке" қарсы кездесуде 57-минутта қосалқы құрамнан алаңға шығып, 33 минут ойнады.
Сол матчта "Бернли" қарсыласына 1:3 есебімен жол берді.
"Брэдфорд Сити" Англия Лигасы кубогының алғашқы кезеңінде "Рочдейлды" 2:0 есебімен жеңіп, келесі айналымға шықты. Ал "Бернли" "Ноттс Каунтимен" кездескен. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Ники Хайен шәкірттері 11 метрлік соққыларда 4:3 есебімен басым түсті.
Англия Лигасы кубогының екінші кезеңіндегі "Брэдфорд Сити" – "Бернли" кездесуі 26 тамыз күні Астана уақытымен 23:45-те басталады.