"Атырау" "Манчестер Сити" түлегінен бас тартты
Бұған футболшы сұраған жалақы көлемі себеп болған. Сондықтан атыраулық клуб басқа футболшыны қатарына қосты.
Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін "Атырау" клубына өткен трансферлік кезеңде ганалық жартылай қорғаушы Нана Боатенг ұсынылған.
ASnews.kz мәліметінше, 32 жастағы футболшының кандидатурасын клуб басшылығы қарастырғанымен, келісім жасалмаған. Бұған футболшы сұраған жалақы көлемі себеп болған.
Осыған байланысты Боатенгтің орнына "Атырау" оның отандасы Эбенезер Офориді еркін агент ретінде қатарына қосты. Офоридің мүмкіндіктері команданы сол кезде жаттықтырған Владимир Чебуринге жақсы таныс болған. 2025 жылы футболшы Литваның "Жальгирис" клубында қазақстандық маманның қол астында 25 матч өткізген.
Боатенг Кипрге ауысты
Қазақстанға трансфері жүзеге аспағаннан кейін Нана Боатенг мансабын Кипрде жалғастырды.
Ол еркін агент ретінде "Красава" клубымен келісімшартқа отырды. Қазіргі таңда 32 жастағы футболшының нарықтық құны шамамен 450 мың еуроға бағаланады.
Айта кетейік, Нана Боатенг Англияның "Манчестер Сити" академиясынан шыққан. Ол бірнеше елдің чемпионатында өнер көрсетті:
- "Стремсгодсет" – Норвегия;
- "Колорадо Рэпидз" – АҚШ;
- KuPS – Финляндия;
- ЧФР Клуж және "Петролул" – Румыния;
- "Чонбук Хендэ Моторс" – Оңтүстік Корея.
Боатенг мансабында Норвегия, Румыния және Оңтүстік Корея чемпионаттарында жеңіске жеткен. Сондай-ақ оның қоржынында Финляндия және Оңтүстік Корея кубоктары бар.
Ганалық жартылай қорғаушы халықаралық деңгейде де тәжірибелі. Ол UEFA Конференциялар лигасында, Азия Чемпиондар лигасында және КОНКАКАФ Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен.