Қазақстан U-17 құрамасы Ресейден қарымта қайтарды
Футболдан Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы Шымкентте өткен жолдастық кездесуде Ресей U-17 командасын 2:1 есебімен жеңді.
Ресей матчта есеп ашты
Қазақстан мен Ресейдің U-17 құрамалары арасындағы жолдастық кездесу Шымкенттегі "БИІК" стадионында өтті. Ойынның бастапқы бөлігінде ресейлік футболшылар алға шықты. 10-минутта Артём Мазманян гол соқты.
Бірақ алаң иелері үзіліске дейін таразы басын теңестіре алды. 32-минутта Әнуар Төленді нәтижелі соққысымен көзге түсті.
Екінші таймда қос команда да жеңіс голын соғуға мүмкіндік іздеді. Матч тағдыры 79-минутта шешілді. Ислам Рашидов Ресей қақпасын дәл көздеп, ұлттық құрамаға 2:1 есебімен жеңіс әкелді.
Осылайша Қазақстан U-17 құрамасы қарсыласынан қарымта қайтарды.
Қазақстан Ресейден қарымта қайтарды
Айта кетейік, екі команданың алғашқы жолдастық матчы 2 қазанда өткен. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.
Онда Ресей құрамасы 7:6 есебімен басым түскен еді. Ал екінші кездесуде қазақстандық футболшылар есепте қалып қойғанына қарамастан екі гол соғып, 2:1 есебімен жеңіске жетті.