«Флорида Пантерс» клубы өз тарихында алғаш рет Стэнли кубогын жеңді. Алайда Халықаралық хоккей федерациясының құттықтау жазбасында шешуші рөл атқарған Сергей Бобровский мен өзге ресейлік ойыншылар жоқ.
2025 жылы «Флорида Пантерс» тарихта алғаш рет Стэнли кубогының иегері атанды. Алайда Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) әлеуметтік желідегі құттықтау жазбасында команданың басты қаһармандарының бірі – Сергей Бобровскийдің есімі мүлде аталмады.
IIHF жариялаған құттықтау коллажында команданың жеңісі атап өтілсе де, Флорида сапындағы ресейлік ойыншылардың есімдері мүлдем аталмаған.
36 жастағы қақпашы Сергей Бобровский плей-офф кезеңінің әр матчында негізгі құрамда ойнап, керемет сейвтерімен көзге түсті. Оның тұрақты ойыны мен мықты дайындығы «Флорида Пантерстің» чемпиондық жолында шешуші рөл атқарды.
Бірақ соған қарамастан, IIHF оны назардан тыс қалдырды. Бұл жағдай, әсіресе қазіргі геосаяси ахуал аясында, спорт пен саясаттың ара-жігі тағы да бұлыңғыр тартып жатқанын аңғартады.
Айта кету керек, IIHF тарапынан ресейлік спортшыларды назардан тыс қалдыруы бірінші рет емес. Дәл осы ұйым 2024 жылы да «Флорида» финалға шыққанда ресейлік үш ойыншы туралы ешбір ақпарат жарияламаған. Сол кезде де Бобровский, сондай-ақ командаластары назардан тыс қалған болатын.
Мәселе бойынша әзірге IIHF ресми түсініктеме берген жоқ. Бұл үнсіздік спорт қауымдастығы мен БАҚ арасында түрлі болжамдар мен сындарға жол ашып отыр.