Казақстандық еркін күрес шебері, әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан ресми некеге тұрған сияқты.
Мұндай болжамды спортшының Instagram желісіндегі стористерінен байқауға болады. Әдетте жеке өмірін жария етпейтін Айтмұхан бұл жолы да көпшілікке ресми мәлімдеме жасамағанымен, желідегі фотолар мен бейнелер тойдың өткенін меңзейді.
2023 жылы Ризабек Айтмұхан ересектер арасында 92 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған болатын. Артынша ол Олимпиадалық 97 келі салмақ санатына ауысты.
Ал 2024 жылдың қыркүйегінде жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, елге оралған соң сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасағаны белгілі болды. Болашақ жарының аты-жөні әлі күнге дейін көпшілікке белгісіз.
Ризабек Айтмұхан бұл тақырыпта бұған дейін де, қазіргі кезде де ешқандай пікір білдірмеген. Жеке өмірін жария етпеуді жөн көретін спортшының бұл таңдауы көпшіліктің құрметіне ие.