Алматыда өткен жартылай марафон кезінде екі адамның көз жұмуы — бұқаралық спортты ұйымдастыру жүйесіне қатысты жаңа талаптар енгізуге себеп болды. Бұл туралы Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Қайғылы оқиға 20 сәуір, жексенбі күні Алматыда өткен спорттық шара кезінде болған. Марафонға қатысқан екі адам көз жұмды. Министр бұл жағдайды ерекше назар талап ететін ауыр оқиға деп сипаттады.
Ербол Мырзабосынов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды:
“Алматыдағы жартылай марафон кезінде екі қатысушының қаза табуы — бұл ерекше назар мен шешімді әрекетті қажет ететін қайғылы жағдай”.
Қазір оқиғаға қатысты жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта мұндай бұқаралық жарыстарды ұйымдастыру ережелеріне қатаң талаптар енгізілмек.
Министрдің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар өткізетін бұқаралық спорттық шаралар қауіпсіздік тұрғысынан жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс.
“Бұқаралық спорт — бұл халық денсаулығының негізі. Бірақ оның қауіпсіздігі мен ұйымдастыру сапасы бірінші орында болуы керек. Туризм және спорт министрлігі нақты ұсыныстар дайындап, жауапты мекемелерге жолдайды”, — деді Мырзабосынов.