Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чоуды қабылдап, оның сапарын Қазақстан спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға деп атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоуды қабылдады. Президент оның сапарын Қазақстан спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға деп атап, бұл қадам WT-ның елімізде таеквондоны дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, таеквондо – олимпиадалық спорт түрі ғана емес, үйлесім, тәртіп және өзара құрмет қағидаттарына негізделген, әлемдегі миллиондаған адамды біріктіретін ерекше философия.
Елордада өтетін G1 санатындағы Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирі отандық спортшылардың кәсіби шыңдалуына, тәжірибе алмасуына және Ұлттық федерацияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Президент бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстанда таеквондоның танымалдылығы өсіп, халықтар арасындағы достық нығая түсетініне сенім білдірді.
WT президенті Қазақстанға әрдайым көрсетілетін қолдау мен қонақжайлық үшін алғыс айтып, еліміздегі турнирлердің ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол қазақ спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Чунгвон Чоуды таеквондоның әлемде дамуына қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Өз кезегінде Чунгвон Чоу Президентке ерекше құрмет белгісі ретінде тоғызыншы дан қара белбеуін табыс етті.