
Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Ша’Карри Ричардсон әуежайда жігітімен жанжалдасып, ұрып жібергені үшін қамауға алынды. АҚШ-тың 25 жастағы жеңіл атлеті 20 сағат қамауда болды.
Париж-2024 жазғы Олимпиадасының чемпионы, америкалық спринтер Ша’Карри Ричардсон жігітін соққыға жықты деген күдікпен қамауға алынды.
The Sun дерегінше, оқиға Сиэтл әуежайында болған. Бейнебақылау кадрларында спортшының бойфренді — америкалық желаяқ Кристиан Коулменнің рюкзагынан тартып, оны итеріп жіберген сәті көрінеді. Ричардсон одан кейін жолын бөгеп, қабырғаға қысады. Бірнеше секундтан соң кадрға қайта оралған қос спортшы арасында қақтығыс жалғасып, Ша’Карри жігітін бірнеше рет ұрған. Полиция дерегінше, ол оған бір зат лақтырып жіберген болуы мүмкін.
25 жастағы жеңіл атлет 20 сағат бойы қамауда болды. Daily Mail мәліметіне сәйкес, жәбірленуші спортшы оған қарсы айып тақпайтынын мәлімдеген соң, Ричардсон босатылды.
Жанкүйерлер арасында айрықша стилімен және жарқын образымен танымал спортшының әлеуметтік желідегі оқырмандарының саны 4,2 миллионнан асады.