Мейірім Нұрсұлтановпен айқасудан бас тартқан Хесус Рамос жаңа қарсылас тапты
Хесус Рамос бұған дейін 19 қыркүйекте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізуі керек еді.
Америкалық боксшы Хесус Рамос (24-1, 19 KO) WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағын отандасы Фрэнсис Хоганнан (22-0, 17 KO) қорғайды.
АҚШ-тағы инсайдер Дэн Рафаэльдің мәліметінше, жекпе-жек 19 желтоқсанда Сан-Францискода өтеді.
Жекпе-жек ірі бокс кешінің андеркардында өтеді
Рамос пен Хоганның кездесуі Девин Хэйни – Лиам Паро жекпе-жегі өтетін бокс кешінің андеркардында ұйымдастырылады.
Хэйни мен Паро жартылай орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады.
Рамос Нұрсұлтановпен кездесуі тиіс болған
Айта кетейік, Хесус Рамос бұған дейін 19 қыркүйекте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановпен (20-0, 11 KO) жекпе-жек өткізуі керек еді.
Нұрсұлтанов WBC рейтингінде орта салмақ бойынша бірінші нөмірлі үміткер саналады. Алайда салмақ қуу кезінде Рамостың денсаулығында мәселе туындаған. Ол тамақтан уланып қалуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізілген. Соның салдарынан қазақстандық боксшымен жоспарланған жекпе-жек өтпей қалды.
Қазіргі уақытта WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы негізгі әлем чемпионы атағы доминикандық Карлос Адамеске (25-1-1, 18 KO) тиесілі. Ол бүгін Zuffa Boxing кешінде британдық Джером Уорбертонмен (18-2-2, 2 KO) кездеседі.
Егер Адамес жеңіске жетсе, келесі жекпе-жегін Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы өткізуі тиіс.