Сауд Арабиясындағы Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстан құрамасы тағы бір жарқын жеңіске жетті. Бұл жолы алтын медальды ел қоржынына жүзуші Әділбек Мусин салды.
Әділбек Мусин 50 метрлік баттерфляй қашықтығында финалдық жарыста үздік нәтиже көрсетіп, мәреге 23.85 секундта жетті.
Бұл көрсеткіш оған Исламиаданың алтын медалін сыйлады.
Екінші орынды тағы бір қазақстандық спортшы Максим Сказобцов (23.87 секунд) иеленді. Ал қола медаль мысырлық Абдельрахман Эльсайедке (23.9 секунд) бұйырды.
Бұған дейін дәл осы қашықтықта әйелдер арасында София Сподаренко алтын жеңіп алған.
Сондай-ақ дзюдошы Аруна Жангелдина Исламиадада еліміздің алғашқы «алтын» жүлдегері атанған еді.
Осылайша Қазақстан құрамасы Эр-Риядтағы ойындарда үшінші алтын медалін иеленіп, медаль кестесінде өз орнын нығайта түсті.