Бибісара Асаубаева қазіргі әлем чемпионімен тең түсті

Спорт шолушысы
18.06.2026, 21:36

Қазақстандық шахматшы Гонконгте өтіп жатқан рапид пен блицтен командалық әлем чемпионатындағы екінші ойын күнінің қорытындысын бөлісті.

фото: ашық дереккөздерден алынған

Асаубаева екі қарсыласын жеңді

Қазақстандық шахматшы әлеуметтік желідегі жазбасында сәтті ойын күні туралы қысқаша айтып өтті.

"Бүгін екінші ойын күні болды. Мен Харика мен қытайлық Чжу Цзиньэрді жеңдім және әлем чемпионымен тең ойнадым. Баршаңызға жақсы кеш тілеймін", — деп жазды Бибісара Асаубаева.

Екінші ойын күнінде Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингте жоғары тұрған бірнеше мықты шахматшымен кездесті. Ол әлемдік рейтингте 21-орында тұрған үндістандық Харика Дронаваллиді жеңді.

Одан кейін Асаубаева қытайлық Чжу Цзиньэрден басым түсті. Ол рейтингте 4-орында орналасқан.

Ал үшінші партияда қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен тең ойнады.

Kazchess командасында өнер көрсетеді

Асаубаева командалық әлем чемпионатында Kazchess командасының намысын қорғайды. Сондай-ақ турнирде Қазақстан атынан Barys командасы да қатысып жатыр.

8-турдың қорытындысы бойынша екі қазақстандық ұжым да үздік бестіктің қатарына енді. Barys командасы 3-орында тұрса, Kazchess 4-сатыға жайғасты.

ФИДЕ-нің рапид пен блицтен командалық әлем чемпионаты Гонконгтегі Queen Elizabeth Stadium аренасында өтіп жатыр.

Жарыс 17-21 маусым аралығына жоспарланған. Биылғы турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен 48 команда және шамамен 400 шахматшы қатысуда. Олардың арасында элиталық гроссмейстерлер, кәсіби ойыншылар және әуесқой шахматшылар бар.

Реклама
Реклама