Бибісара Асаубаеваның анасы мемлекеттен берілетін нақты төлемдерді жария етті

Спорт шолушысы

Лиана Таңжарықова қызын қаржыландыруға қатысты ақпаратқа түсініктеме берді.

Бибісара Асаубаеваның анасы мемлекеттен берілетін нақты төлемдерді жария етті
instagram/bibisarachess

Таңжарықованың айтуынша, қоғамда спортшыға мемлекет тарапынан миллиондаған қаржы бөлінеді деген пікір бар, алайда нақты көрсеткіштер әлдеқайда төмен.

“Неге біреу бізге мемлекеттен миллиондар жұмсалады деп ойлайды? Біз мемлекеттен ай сайын 320 000 теңге аламыз және әлем чемпионатындағы жеңіс үшін 2300 АҚШ доллары төленеді. Маңғыстау спорт басқармасынан ешқандай жалақы жоқ. “Sport Qory” спортты қолдау қоры мен федерация қаражаты бюджет ақшасы емес. Олар тікелей команда жұмысына бағытталады. Федерация тарапынан берілетін барлық жүлде мен сыйақы спортшының жеке табысы, ол өз қалауынша пайдаланады”, — деп жазды ол Instagram парақшасында.

Сонымен қатар ол отбасының салық төлейтінін атап өтіп, мемлекеттік қаржы, жеке және бюджеттен тыс қаражатты ажырата білу қажет екенін жеткізді. Айтуынша, қорытынды жасамас бұрын деректерді тексеру маңызды.

Бұған дейін Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, халықаралық турнирлерге дайындықты жеке қаражат және ата-анасының қолдауы есебінен жүргізуге мәжбүр екенін айтқан еді. Оның ішінде Norway Chess-2026 турниріндегі жеңісі де бар. Шахматшы сонымен қатар бюрократиялық кедергілер, өтінімдердің қаралмауы, Спорт және туризм министрлігі тарапынан жалақының қысқаруы туралы шағымданған.

Министрлік түсіндірмесі

10 маусым күні вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, 2023-2024 жылдары Асаубаева ай сайын шамамен 1 миллион теңге көлемінде жалақы алған. Алайда “басым спорт түрлері” туралы заңға енгізілген өзгерістерден кейін қаржыландыру шарттары қайта қаралып, төлемдер қысқартылған.