Бибісара Асаубаева мен Алуа Нұрман әлем чемпионатына жолдама алды

Спорт шолушысы
27.06.2026, 21:47

Қазақстандық шахматшылар фристайл-шахматтан 2027 жылғы әлем чемпионатына ресми түрде қатысады.

instagram/@freestyle_chess

Қазақстанның екі шахматшысы әлемдік додаға барады

ФИДЕ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2027 жылғы фристайл-шахматтан әлем чемпионатына қатысатындар қатарында Қазақстан құрамасының екі өкілі бар. Олар — танымал гроссмейстер Бибісара Асаубаева және жас шахматшы Алуа Нұрман.

Халықаралық шахмат федерациясының Instagram-дағы ресми парақшасы алдағы әлем чемпионатына арналған постер жариялап, турнирдің басталуына кері санақ басталғанын хабарлады.

"223 күн қалды. Кері санақ басталды!" — делінген ФИДЕ жарияланымында.

Әйелдер турнирі ақпан айында өтеді

Байрақты жарыс 2027 жылы Германияның Вайсенхаус қаласында өтеді. Әйелдер арасындағы турнир 5-7 ақпан күндеріне жоспарланған. Дәл осы жарыста Бибісара Асаубаева мен Алуа Нұрман әлемнің үздік шахматшыларымен шеберлік байқасады.

Асаубаева бұл додаға бірінші болып жолдама алды. Ол 14-15 ақпан күндері Вайсенхауста өткен ресми көрме матч-турнирінде әлемнің 12-ші чемпионы Александра Костенюкті жеңіп, чемпионатқа қатысу құқығын иеленді.

Ал Алуа Нұрман 2026 жылдың сәуір айында Германияның Карлсруэ қаласындағы Grenke Freestyle Chess Open іріктеу турнирінде үздік үштікке еніп, әлем чемпионатына жолдама алды.

Магнус Карлсен де қатысады

Германиядағы әлемдік додада норвегиялық шахмат жұлдызы, бұрынғы әлем чемпионы Магнус Карлсен де өнер көрсетеді. Оның қатысуымен өтетін негізгі ашық турнир әйелдер жарысынан кейін, 12-14 ақпан аралығында ұйымдастырылады.

ФИДЕ жоспарына сәйкес, әр санатта әлемнің ең мықты 8 шахматшысы чемпиондық атақ үшін таласады.

Реклама
Реклама