15 жасар қазақстандық шахматшы әлем чемпионатында жүлделі болды

Спорт шолушысы

Италияның Монтесильвано қаласында өткен жастар арасындағы шахматтан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Сауат Нұрғалиев қола медаль жеңіп алды.

15 жасар қазақстандық шахматшы әлем чемпионатында жүлделі болды
Қазақстан шахмат федерациясы

FIDE ұйымдастырған әлем чемпионатына U14, U16 және U18 жас санаттары бойынша 85 елден 742 жас шахматшы қатысты. Қазақстан атынан 35 спортшы бақ сынады. Ерлер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстанның қазіргі чемпионы Сауат Нұрғалиев O16 санатында 8,5 ұпай жинап, 152 қатысушының арасында үшінші орынға ие болды.

Қазақстандық спортшылардың нәтижелері

Жарыста жүлделі орындар үшін тартыс өте жоғары болды. Мәселен, G14 санатында бірінші және 21-орын арасындағы айырмашылық небәрі екі ұпайды құрады.

  • O14 санатында Марк Смирнов бесінші , командаласы Диас Қуандықұлы 11-орынға жайғасты. Екі шахматшы да 8 ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша орындары анықталды. Дәл осындай ұпаймен америкалық Итан Гуо үшінші орынға ие болды.
  • G16 санатында Елназ Қалиахмет төртінші орын алса, Мария Холявко бесінші болып жарысты аяқтады. Екі қазақстандық та 8 ұпай жинады және күміс пен қола жүлдеге небәрі жарты ұпай жетпеді.
  • Ал O18 санатында Эдгар Мамедов 8 ұпаймен бесінші орынға тұрақтап, ұпай саны қола жүлдегердің нәтижесімен бірдей болғанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша жүлдеден тыс қалды.