"Қайрат" финалдық сериядағы есепті теңестірді (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Алматылық "Қайрат" футзалдан Қазақстан чемпионатының финалдық сериясындағы төртінші ойында "Семейді" қабылдап, маңызды жеңіске жетті.

"Қайрат" финалдық сериядағы есепті теңестірді (ВИДЕО)
Instagram/@afckairat

Маңызды жеңіс

Матчтың алғашқы голы 7-минутта соғылды. Алаң иелерінің капитаны Біржан Оразов Эдсонның бұрыштамадан асырған добын баспен қақпаға дәл бағыттады.

Кездесудің екінші бөлігінде алматылықтар басымдығын арттырды. "Семей" қақпашысының сәтсіз сейвінен кейін Лаврати Руиз мүмкіндігін мүлт жібермеді. 

Дегенмен қонақтар ойыннан шығып қалған жоқ. Арада үш минут өткенде Бруно Гомеш әдемі соққысымен есеп айырмасын қысқартты. Ол қорғаушы мен қақпашыны қапы қалдырып, допты төменнен алыс бұрышқа бағыттады.

Соған қарамастан матч соңына дейін "Қайрат" басымдығын сақтап қалып, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Бәрі қайтадан басталды

Осы жеңістен кейін финалдық сериядағы жалпы есеп 2:2 болды. Бұған дейінгі кездесулер де өте тартысты өткен. 

Семейдегі алғашқы екі матч пенальти сериясына дейін жетті. Бірінші ойында "Қайрат" 8:7 есебімен жеңіске жетсе, екінші матчта "Семей" 2:2 есебінен кейін пенальтиде 6:5 нәтижесімен басым түсті.

Үшінші кездесу Алматыда өтіп, "Семей" негізгі уақытта 4:2 есебімен жеңіске жетті. 

Енді Қазақстан чемпионы бесінші, шешуші матчта анықталады. Бұл кездесу 30 маусым күні Семейде өтеді.