Футзалдан Қазақстан чемпионы анықталды (ВИДЕО)
Алматылық "Қайрат" футзал клубы Қазақстан чемпионатының 2025/2026 маусымындағы алтын жүлдесін жеңіп алды.
Эдсон Сантос есеп ашты
Алматылық клуб финалдық серияның шешуші бесінші кездесуінде "Семейді" қосымша уақытта тізе бүктірді.
Кездесу қос команда тарапынан да жоғары қарқынмен басталды. Алғашқы минуттардан-ақ қарсыластар қақпа алдында қауіпті сәттер ұйымдастырып, ойынның тартысты өтетінін көрсетті.
Матчтың үшінші минутында "Қайрат" сапынан Эдсон Сантос мергендігімен көзге түсіп, қонақтарды алға шығарды. Дегенмен алаң иелері жауапсыз қалмады. Тоғызыншы минутта Камиль Герейханов есепті теңестірді. Осылайша командалар үзіліске 1:1 есебімен кетті.
Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады
Екінші таймда да ойын қарқыны бәсеңдеген жоқ. Алматылықтар қайтадан басымдыққа ие болды. Бұл жолы Жулио Занотто гол соғып, командасын алға шығарды.
Бірақ "Семей" чемпиондық үшін күресті соңына дейін жалғастырды. 33-минутта Габриэль Кандидо есепті қайта теңестіріп кетті. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмағандықтан кездесу қосымша таймдарға ұласты.
Біржан Оразов — чемпиондық гол авторы
Матч тағдыры бірінші экстра-таймда шешілді. Қосымша уақыттың алғашқы бөлімі аяқталуға жақын қалғанда Біржан Оразов қуатты соққымен "Семей" қақпасын дәл көздеп, "Қайратқа" маңызды жеңіс сыйлады.
Осылайша "Қайрат" финалдық серияда "Семейді" жеңіп, футзалдан Қазақстан чемпионы атанды. Алматылық команда бұл атақты қатарынан екінші маусым жеңіп отыр. Ал клуб тарихындағы 22-чемпиондық титулы.