Бруно Гомеш "Семеймен" қоштасты
Грузия құрамасының шабуылшысы Бруно Гомеш "Семей" футзал клубымен қоштасты. Бразилиялық ойыншы әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық клубтағы кезеңіне алғыс білдірді.
Гомештің алғысы
“Семей” сапында нәтижелі маусым өткізген Бруно Гомеш Instagram парақшасында клубпен байланысты жарқын сәттерін жариялады. Футболшы жазбасына матчтардан, жанкүйерлермен түскен кадрлардан және Қазақстан кубогын табыстау рәсімінен фотолар қосты.
Ол өз жазбасында семейлік клубқа ризашылығын білдірді.
“Мен ешқашан ұмытпаймын. Рахмет, Семей”, – деп жазды Бруно Гомеш.
Испаниядан келді
Бруно Гомеш “Семей” клубына 2025 жылғы 21 тамызда испаниялық “Пальмадан” жалға алу құқығымен ауысқан. Келісім маусым соңына дейін жасалған.
Қазақстандағы кезеңінде шабуылшы команданың негізгі ойыншыларының біріне айналып, жоғары нәтижелілік көрсетті.
Бруно Гомеш “Семей” сапында Қазақстан кубогын жеңіп алды және ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық клуб құрамында 53 матч өткізіп, 31 гол соқты және 18 нәтижелі пас берді.
Ойыншының “Пальмамен” келісімшарты аяқталған. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында 30 жастағы шабуылшының бельгиялық “Андерлехт” немесе Индонезия клубтарының біріне ауысуы мүмкін екені жазылған.