Қазақстандық волейболшылар Қытайдан ұтылса да, Азия чемпионатының ширек финалына шықты

Спорт шолушысы

18 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасы Таиландта волейболдан Азия чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Қазақстандық волейболшылар Қытайдан ұтылса да, Азия чемпионатының ширек финалына шықты
Instagram/@volleyfederationkz

Соңғы ойындағы Қытаймен кездесу

Бангкокта волейболдан қыздар арасындағы U18 Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Қазақстан жасөспірімдер құрамасы топтық кезеңнің қорытынды кездесуінде құрлықтың қазіргі чемпионы Қытай құрамасына қарсы ойнады.

Қарсылас команданың тәжірибесі мен деңгейі матч барысында айқын байқалды. Қытайлық волейболшылар алғашқы сеттен бастап басымдықты өз қолына алып, кездесуді үш партияда аяқтады.

Ширек финалға қалай шықты?

Жеңіліске қарамастан Қазақстан құрамасы В тобында екінші орын алды. Бұл нәтиже Владимир Аниконов шәкіртеріне Азия чемпионатының ширек финалына өтуіне мүмкіндік берді.

Бұған дейін қазақстандық волейболшылар топтық кезеңде екі маңызды жеңіске жетті. Әуелі Гонконг құрамасын 3:0 есебімен жеңсе, кейін Қырғызстанды да үш партияда ұтты.

U18 жас санатындағы Азия біріншілігіне барлығы 16 құрама қатысып жатыр. Командалар төрт топқа бөлінген. Әр топтан үздік екі команда ширек финалға жолдама алады.

Айта кетейік, Қазақстанның 18 жасқа дейінгі қыздар құрамасы өткен Азия чемпионатында жетінші орын алған.