Қазақстандық зілтемірші Азия чемпионатында бір күнде екі жүлде жеңіп алды
Бейбарыс Ерсейіт Ташкентте жастар мен жасөспірімдер арасындағы құрлық біріншілігінде сәтті өнер көрсетті.
281 келіні бағындырды
Ташкентте Қазақстан құрамасының алғашқы елеулі жетістігін Бейбарыс Ерсейіт тіркеді. 65 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз қоссайыс қорытындысында 281 келі нәтиже көрсетті.
Ол жұлқа көтеруде 129 келіні, серпе көтеруде 152 келіні бағындырды.
Ерсейіттің 281 келілік нәтижесі оған жастар арасындағы бәсекеде бірінші орын иеленуге мүмкіндік берді. Ал жасөспірімдер санатында қазақстандық атлет қола жүлде місе тұтты.
Бұл есепте одан тек екі қарсыласы жоғары нәтиже көрсетті. Олар үндістандық Махараджан Арумугапандиан – 285 келі (128+157) және Вьетнамнан келген Хоанг Санг Тхач – 291 келі (134+157).
Сөйтіп Бейбарыс Ерсейіт бір күннің ішінде Азия чемпионатының алтын және қола жүлдесін қоржынына салды.
Құрлық рекордын жаңартты
Қазақстандық ауыр атлеттің жетістігі медальдармен ғана шектелген жоқ. 281 келі көрсеткіші жастар арасындағы қоссайыс бойынша Азияның жаңа рекорды ретінде тіркелді.
Бұл нәтиже Бейбарыс Ерсейіттің құрлықтағы өз жас санатындағы ең мықты ауыр атлеттердің бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Бейбарыс Ерсейіт 2009 жылдың 26 ақпанында Қызылорда облысында дүниеге келген.
Негізгі жетістіктері:
- 2025 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы – 61 кг;
- 2025 жылғы жасөспірімдер Азия ойындарының күміс жүлдегері – 65 кг;
- Қазақстан Республикасының спорт шебері;
- халықаралық дәрежедегі спорт шебері.