Өзбекстан қазақстандық жеңілатлет алдындағы қарызын жапты
Аделина Земс 2025 жылы Ташкентте өткен халықаралық жарыстардағы жеңістері үшін тиесілі сыйақысын алды.
Сыйақы толық төленді
Қазақстандық спортшы Instagram желісіндегі парақшасында көптен күткен төлемнің түскенін мәлімдеді.
"Достар, ақыры болды! Былтыр Ташкентте жеңіп алған жүлде ақшамызды Өзбекстан федерациясынан алдық. Мәселе шешілді", – деп жазды Аделина Земс.

Жеңілатлет жариялаған ақпаратқа сәйкес, оған төленген жалпы сыйақы көлемі 1500 АҚШ долларға тең.
Ташкенттегі төрт алтын медаль
2025 жылы Азияның бес дүркін чемпионы Аделина Земс Ташкенттегі екі халықаралық жарыста сәтті өнер көрсетті.
Геннадий Арзуманов мемориалында өзінің негізгі қашықтығы – 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын медаль иеленді. Ал Silk Road to Tokyo халықаралық турнирінде Земс бірден үш рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде, әйелдер арасындағы 4×400 метрлік эстафетада, аралас 4×400 метрлік эстафетада алтын медаль жеңіп алды.
Жүлде ақшаны бір жылдан астам күтті
Осы жарыстардағы жеңістері үшін Аделина Земске Өзбекстан жеңіл атлетика федерациясы тарапынан сыйақы берілуі тиіс болған. Дегенмен төлем уақытында жасалмай, қазақстандық спортшы жүлде қаржысын ұзақ уақыт күткен.
Енді 1500 доллар көлеміндегі берешек толық өтеліп, тараптар арасындағы сыйақыға қатысты мәселе шешілді.