ҚПЛ
Жарнама
Жарнама
Алты матчта алты жеңіс: Қазақстан шахмат Олимпиадасының көшін бастады
Спортты дамыту дирекциясы

Алты матчта алты жеңіс: Қазақстан шахмат Олимпиадасының көшін бастады

Қазақстан әйелдер құрамасы Самарқандтағы шахмат Олимпиадасының алтыншы турында Әзербайжаннан 2,5:1,5 есебімен басым түсті. 

Алуа Нұрман шешуші ұпай әкелді

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тартысты кездесудің тағдырын Алуа Нұрман шешті. Ол Гюнай Маммадзаданы жеңіп, ұлттық құрамаға маңызды ұпай сыйлады. Қалған үш тақтадағы партия тең нәтижемен аяқталды.

Қазақстан – Әзербайжан — 2,5:1,5

  • Бибісара Асаубаева – Говхар Бейдуллаева — ½:½;
  • Алуа Нұрман – Гюнай Маммадзада — 1:0;
  • Меруерт Қамалиденова – Ханым Баладжаева — ½:½;
  • Зарина Нұрғалиева – Гюльнар Маммадова — ½:½.

Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасы Олимпиададағы алты матчтың барлығында жеңіске жетті. Бұған дейін қазақстандық шахматшылар Ботсвана, Босния және Герцеговина, Словения, Армения және Германия командаларын ұтты.

Ерлер құрамасы Колумбияны ойсырата жеңді

Қазақстанның ерлер құрамасы да алтыншы турда сенімді ойын көрсетті. Ұлттық команда Колумбияны 3,5:0,5 есебімен жеңіп, қоржынына кезекті маңызды ұпайларды қосты.

Денис Махнёв, Сауат Нұрғалиев және Даниял Сәпенов өз партияларында жеңіске жетті. Ал Жандос Ағманов қарсыласымен ұпай бөлісті.

Қазақстан – Колумбия — 3,5:0,5

  • Денис Махнёв – Сантьяго Лопес Райо — 1:0;
  • Сауат Нұрғалиев – Эстебан Вальдеррама — 1:0;
  • Даниял Сәпенов – Мануэль Кампос Гомес — 1:0;
  • Жандос Ағыманов – Кристиан Камило Риос Гомес — ½:½.

Алты турдың қорытындысы бойынша Қазақстан ерлер құрамасының еншісінде төрт жеңіс, бір тең нәтиже және бір жеңіліс бар.

Олимпиада қатысушылары бір күн демалады

Алтыншы турдан кейін шахматшыларға бір күндік үзіліс берілді. Жетінші тур ойындары демалыстан соң жалғасады.

Самарқандтағы шахмат Олимпиадасы жалпы 11 турдан тұрады. Байрақты бәсеке 27 қыркүйекте мәресіне жетеді.

Жарнама
Жарнама