Асаубаеваның анасы неге Өзбекстанға жанкүйер екенін түсіндірді
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Танжарықова Самарқандтағы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасында қай құрамаларға жанкүйерлік ететінін айтты.
"Екі елге де жанкүйермін"
Лиана Танжарықованың сөзінше, оған Олимпиада кезінде қай елді қолдайтыны туралы сұрақ жиі қойылады. Ол Қазақстан мен Өзбекстанның екеуін де өзіне жақын санайтынын атап өтті.
"Әйелдер арасында, әрине Қазақстанға жанкүйермін. Қыздарымыз Бибісара Асаубаевамен бірге бар күшін салып, осы қонақжай елде алтын медаль жеңіп алуы керек.
Ал ерлер арасында Өзбекстан құрамасын қолдаймын. Команда жас, өршіл әрі өте талантты ойыншылардан құралған. Жавохир Синдаровқа шын жүрегіммен жанкүйермін", — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
"Бұл бәсекелестік емес, екі халықтың мерекесі"
Танжарықова Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келіп, өзбек махалласында өскенін де айтты. Сондықтан ол екі елдің шахматтағы жетістігін өзара тартыс ретінде қабылдамайды.
"Мен үшін бұл бәсекелестік емес, бауырлас екі халықтың ортақ мерекесі", — деді Бибісара Асаубаеваның анасы.
Қазақстан құрамасы жеңісті сериясын жалғастырды
Қазақстанның әйелдер құрамасы шахмат Олимпиадасының алғашқы бес турында қатарынан жеңіске жетті. Турнир барысында отандық шахматшылар Иордания, Колумбия, Грекия және Испания құрамаларын ұтты.
Ал Өзбекстанның ерлер командасы бес турдан кейін он командалық ұпай жинады. Өзбекстан құрамасы Үндістан және Германиямен бірге турнир кестесінің көшін бастады.