Футбол
Бөлімдер

Асаубаева Қазақстанның шахмат Олимпиадасындағы мүмкіндігін бағалады

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева Самарқандта өтіп жатқан шахмат Олимпиадасындағы жағдайға пікір білдірді.

Асаубаева Қазақстанның шахмат Олимпиадасындағы мүмкіндігін бағалады
instagram/bibisarachess

Қазақстандық шахматшы Үндістанмен тең түскен матчтан кейін командасының жүлдеге таласу мүмкіндігі жоғары екенін айтты. Матч 2:2 есебімен аяқталып, командалар бір-бір ұпайдан бөлісті.

Асаубаеваның пікірінше, Қазақстан құрамасы бұл кездесуде жеңіске жақын болды.

"Бүгін Үндістанмен тең ойнадық. Матчта жеңіске жетуіміз керек еді, бірақ сәл ғана жолымыз болмады. Шынымды айтсам, қазір күшім таусылып бара жатқанын сезіп тұрмын. Дегенмен, біз үшін өте маңызды тағы үш партия қалды. Ертең қара фигуралармен Моңғолияға қарсы ойнаймыз. Бұл Олимпиада өте ұзаққа созылып кеткендей. Командамыз жақсы, барлық мүмкіндік бар. Барымызды саламыз", — деді Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сегіз турдың қорытындысы бойынша Қазақстан әйелдер құрамасы турнир кестесінде 14 командалық ұпаймен екінші орында тұр. Жетінші турда қазақстандық шахматшылар Қытаймен 2:2 есебімен тең ойнаса, сегізінші турда дәл осындай есеппен Үндістан құрамасымен ұпай бөлісті.

Алда қазақстандық шахматшылар үшін шешуші үш партия бар.

Бұл туралы не ойлайсыз?