ҚПЛ Ұлттық Құрама Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
Қазақстан Құрама

Робот әйгілі блогерді бір соққымен сұлатты

Сан-Франциско қаласында блогер Фрэнки Лапенна мен EngineAI T800 гуманоид роботы арасында ерекше көрме жекпе-жегі өтті.

Робот әйгілі блогерді бір соққымен сұлатты
фото ашық дереккөзден алынды

Блогер роботқа шабуыл жасады

Ұйымдастырушылар бұл шоуды адам мен толық өлшемді гуманоид робот арасындағы тарихтағы алғашқы жекпе-жек деп таныстырды. EngineAI T800 роботының бойы шамамен 1,8 метр болса, салмағы 75–85 келі аралығында.

Америкалық контент-мейкер кездесуді белсенді бастап, роботтың денесі мен бас тұсына бірнеше соққы бағыттады. Бірақ T800 қарсыласының шабуылдарына төтеп беріп, қарымта әрекетке көшті.

EngineAI T800 блогерді нокаутқа түсірді

Роботтың жойқын тепкісі Фрэнки Лапеннаны торға қарай ұшырып жіберді. Артынша T800 тағы бір дәл соққы жасап, блогерді октагон төсенішіне құлатты. Америкалық кездесуді жалғастыра алмағандықтан жеңіс роботқа берілді.

Жекпе-жектегі нокаут сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде кеңінен тарады. 

Кездесуден кейін блогер роботтың металл корпусына соққы жасау кезінде қолын сындырып алғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, EngineAI T800 жекпе-жек барысында өздігінен әрекет етпеген. Гуманоид роботты виртуалды шындық жүйесі арқылы қашықтан арнайы оператор басқарған.

Ерекше кездесуді роботтар арасындағы айқастарды ойын-сауық спорты ретінде дамытып жүрген REK компаниясы ұйымдастырды. Жоба авторлары болашақта осындай технологиялық жекпе-жектерді тұрақты шоуға айналдыруды көздейді.

Бұл туралы не ойлайсыз?