Жарнама
Жарнама
Қазақстан шахмат Олимпиадасының "алтынына" таласуға мүмкіндік алды
Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан шахмат Олимпиадасының "алтынына" таласуға мүмкіндік алды

Қазақстан әйелдер құрамасы Самарқандта Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының оныншы турында Францияны жеңді.

Франциядан басым түсті

Оныншы турда қазақстандық шахматшылар Франция құрамасымен кездесіп, маңызды екі командалық ұпайға иелік етті. 

Бірінші тақтада Бибісара Асаубаева қара тастармен Дейманте Даулите-Корнетті жеңді. Елназ Қалиахмет те өз партиясында Полин Гишардан басым түсті.

Алуа Нұрман мен Мари Себаг арасындағы кездесу тең аяқталса, Меруерт Қамалиденова Софи Мильеге есе жіберді.

Қытай мен Үндістан ұпай бөлісті

Турдың басты кездесуінде Қытай мен Үндістан құрамалары жеңімпазды анықтай алмады — 2:2.

Бұл нәтиже Қазақстанға Үндістанды турнир кестесінде басып озып, көш бастап тұрған Қытаймен арадағы айырманы бір ұпайға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Он турдан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 17 командалық ұпай бар. Ұлттық команда жеке-дара екінші орында келеді.

Турнир кестесіндегі жағдай:

  1. Қытай — 18 ұпай
  2. Қазақстан — 17 ұпай
  3. Үндістан — 16 ұпай

Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасы 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының алтын медаліне таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Жүлделі орындар мен чемпиондық атақтың тағдыры шешуші 11-турда анықталады.

Жарнама
Жарнама