Жарнама
Жарнама
Қазақстаннан Азия Пара ойындарына 150 спортшы қатысады
iwbf.org

Қазақстаннан Азия Пара ойындарына 150 спортшы қатысады

Қазақстандық пара спортшылар үшін алғашқы сын 16 қазанда пара үстел теннисінің жекелей жарыстарымен басталады.

Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін V Азия Пара ойындарына 150 спортшымен қатысады.

Жарыс 18-24 қазан аралығында өтеді. Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру қабілеті төмен және интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшылар қатысады.

Қазақстан 12 спорт түрінен сынға түседі

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстан құрамасы бір командалық және 11 жеке спорт түрінен бақ сынайды.

Құрама сапы:

  • отырып ойнайтын волейбол – 12 спортшы;
  • пара таеквондо – 8;
  • пара дзюдо – 26;
  • пара үстел теннисі – 12;
  • пара нысана көздеу – 12;
  • пара жеңіл атлетика – 14;
  • пара садақ ату – 9;
  • пара жүзу – 21;
  • арбадағы теннис – 3;
  • пара пауэрлифтинг – 15;
  • бочча – 5;
  • пара велоспорт – 13.

Биыл Қазақстан құрамасы Азия Пара ойындарында алғаш рет арбадағы теннистен сынға түседі.

Сонымен қатар пара жеңіл атлетикада интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар қазақстандық спортшылар алғаш рет қатысады. Олар жеңіл атлетикада T20 класында, ал пара үстел теннисінде 11-класта өнер көрсетеді.

Алғашқы жарыстар 16 қазанда басталады

Қазақстандық пара спортшылар үшін алғашқы сын 16 қазанда пара үстел теннисінің жекелей жарыстарымен басталады.

V Азия Пара ойындарының ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоядағы "Мидзухо" жеңіл атлетика стадионында өтеді.

Жалпы жарысқа 45 елден шамамен 4000 спортшы қатысады. 18 спорт түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстанның Азия Пара ойындарындағы нәтижесі

Қазақстан Азия Пара ойындарына 2010 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама **105 медаль** жеңіп алған:

  • 20 алтын;
  • 35 күміс;
  • 50 қола.

2010 жылы Қазақстан 63 спортшымен қатысып, 7 медаль алды. 2014 жылы Инчхонда 24 жүлде, 2018 жылы Джакартада 33 медаль жеңіп алды.

Ал 2023 жылы Ханчжоуда Қазақстан құрамасы рекордтық 41 медаль иеленді. Оның ішінде 8 алтын, 12 күміс және 21 қола бар.

Жарнама
Жарнама