"Шымбұлақ" тау-шаңғы курортында фристайлдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті.
Фристайл-могулдан Ұлттық құрама барлық жарыс күні жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, әлем біріншілігінің алғашқы күнінде Анастасия Городко жекелей сында екінші орын алса, ертесіне параллель могулда алтыннан алқа тақты. Ал аралас командалық сайыста былтыр IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан Юлия Фиклистова мен Денис Раструба жұбы күміс жүлдегер атанды.
Фристайл-акробатикадан жекелей сын еліміз үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Ерлер арасында Дінмұхаммед Райымқұл күрделі бағдарламаны сәтті орындап, чемпион атанды.
Жалпыкомандалық есепте могул мен акробатикадан Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс жүлде иеленіп, Қытайдан (2 алтын, 3 күміс, 2 қола) кейін 2-орын алды. Үздік үштікті Жапония (2 алтын, 1 қола) спортшылары түйіндеді.