Ресейлік танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Бивол Қазақстан және Қырғызстан азаматтарымен байланысты жанжалды қайта ушықтырды.
Екатерина Биволдың айтуынша, ол бір жыл бұрын Қазақстан мен Қырғызстаннан келген жанкүйерлерге қарсы шағым түсірген. Алайда ол мәселе нәтижесіз болғандықтан әрекетін тағы да қайталап, полицияға екінші рет ресми өтініш жолдағанын мәлімдеді.
«Бір жыл бұрын мен боксшыны тым көтермелейтін фанаттарға қатысты шағым жаздым. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмады. Себебі маған келген қорқытулардың 95 пайызы Қазақстан мен Қырғызстаннан болды», – деп жазды Екатерина.
Ол өз Telegram-арнасында полицияға берген арызының суретін де жариялады.

Еске салайық, қазан айында Екатерина Бивол әлеуметтік желіге қазақтар мен қырғыздарды қорлайтын, тіпті бейәдеп сөздермен айтылған видеоролик жариялаған еді.
Бұл жағдайдан кейін Қазақстанда, Қырғызстанда оның үстінен қылмыстық істер қозғалды.
Кейінірек Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша Ресейдің ІІМ Бас басқармасы Биволға қатысты тексеру басталғанын растады. Қазір бұл оқиға ресейлік құқық қорғау органдарының бақылауында.