Қарағанды облысынан шыққан Абылайхан Жүсіпов IBA нұсқасы бойынша өткен әлем чемпионатынан кейін туған қаласы Абайға келді.
Әлеуметтік желіде тараған видеода чемпионды жерлестері Қазақстан туын көтерген автокортежбен қарсы алып, гүл шоқтары мен сый-сияпат табыстағаны көрінеді. Салтанатты кездесудің қорытындысында боксшыға Абай ауданы әкімдігі атынан екі бөлмелі пәтерге сертификат берілді.
Абылайхан Жүсіпов Дубайда өткен IBA әлем біріншілігінде 71 кг салмақтың финалында ресейлік Сергей Колденковті жеңді. Осылайша ол Қазақстан құрамасына үшінші алтын медальді алып келді.
Бұл — Жүсіповтің ересектер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы алтыны. Бұған дейін ол әлем біріншіліктерінде үш мәрте қола жүлде иеленген. Сонымен қатар боксшы Чиангмайда (Тайланд) өткен Азия чемпионатында-2024 топ жарған.
IBA World Boxing Championships 2025 турнирінде Қазақстан ерлер құрамасы медальдық есепте жалпыкомандалық екінші орынға тұрақтады. Команда қоржынында 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль бар.