Әлемдік WTA рейтингісінің оныншы нөмірі, Қазақстан өкілі Елена Рыбакина China Open турниріндегі алғашқы жеңісінен кейінгі әсерімен бөлісті.
Елена Бейжіңдегі «мыңдық» турнирін екінші айналымнан бастады. Ол әлемнің 90-шы ракеткасы, америкалық Кэти Макнэллиді оңайлықпен емес, 7:5, 4:6, 6:3 есебімен ұтты. Екінші сетте Рыбакинаға шынтағындағы мәселеге байланысты медициналық тайм-аут алуға тура келді.
“Бүгінгі матч өте ауыр болды. Кэти жақсы ойнады. Мен өзімнің подачамда біраз қиналдым және көп қателік жібердім. Бұл матчты жеңе алғаныма қуаныштымын. Мұнда өзімді тамаша сезініп жүрмін. Барлық жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтамын, бұл мен үшін көп нәрсе білдіреді,” — деді Рыбакина корттағы сұхбатында.
Айта кетейік, Бейжиң турнирі 24 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өтеді. Биылғы дода Елена Рыбакина үшін ерекше маңызды, себебі ол WTA маусымдық финалына жолдама үшін күресіп жатыр.
Елена Рыбакина – Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемдік рейтингтің көшбасшыларының бірі. Ол 2022 жылы Уимблдон турнирінде жеңіске жетіп, Қазақстан тарихында алғаш рет «Үлкен дулыға» жарысының чемпионы атанды. Рыбакина сондай-ақ бірнеше WTA титулдарының иегері, «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалы мен жартылай финалдарында тұрақты өнер көрсетіп жүр. Оның мықты қарысы мен шабуылға бейім ойыны әлем жанкүйерлерін тәнті етеді.