Юлия Путинцева Швециядағы турнирде қарсыласын ойсырата жеңді
Қазақстанның екінші ракеткасы Швецияның Бостад қаласында өтіп жатқан WTA 125 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Әлемдік рейтингте 84-орында тұрған қазақстандық теннисші ширек финалда WTA рейтингінің 93-сатысындағы австриялық Синья Крауспен кездесті. Матч 1 сағат 16 минутқа созылып 6:2, 6:3 есеппен Путинцеваның сенімді жеңісімен аяқталды. Айта кетейік, бұл қос теннисші арасындағы WTA турнирлеріндегі алғашқы кездесу болды.
Жартылай финалдағы қарсыласы кім?
Финал жолдамасын сарапқа салатын матчта Юлия Путинцева испаниялық Паула Бадосамен күш сынасады. Әлемнің бұрынғы екінші ракеткасы саналатын Бадоса қазір WTA рейтингінде 141-орында тұр. 28 жастағы теннисші ширек финалдағы кездесуде Варвара Лепченконы 2:0 есебімен жеңген болатын.
Путинцева қанша сыйақыға ие болды?
Жартылай финалға шығу арқылы қазақстандық теннисші кем дегенде 49 рейтингтік ұпай мен 5800 АҚШ доллары көлеміндегі жүлдені қамтамасыз етті. Егер Юлия турнирдің жеңімпазы атанса, еншісіне 125 рейтингтік ұпай және 15 500 АҚШ доллары беріледі.
Айта кетейік, WTA 125 санатындағы Бостад турнирі 6-11 шілде аралығында өтуде. Жарыстың жалпы жүлде қоры 115 мың АҚШ долларын құрайды.