UFC жұлдызына есе жіберген қазақстандық спортшы ерекше мәлімдеме жасады

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 10:20

Қазақстандық файтер Болат Заманбеков Дубайда өткен Karate Combat 54 турниріндегі жекпе-жектен кейін өзінің Instagram парақшасында пікір білдірді. Ол 2 мамыр күні британиялық Мухаммад Мокаевтан техникалық нокаутпен жеңіліп қалды.

instagram/@bolatzamanbek96

Жекпе-жек толық контактты каратэ ережесі бойынша өтті. Екінші раундта Мокаевтың басымдылығы айқын көрініп, жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды. Бұл – Заманбековтің кәсіби мансабындағы үшінші жеңілісі. Оның есебінде енді 8 жеңіс, 3 жеңіліс бар. Ал қарсыласы – Мохаммад Мокаев – ММА-дағы 14-0 рекордын сақтап қалды. 

Болат өз жанкүйерлеріне шынайы үндеу тастады:

"Ассалаумағалейкум, ағайын! Тағы бір жеңілісті бастан өткердім, бірақ ол тек спортта. Өмірде емес, шүкір. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Әр жекпе-жек — мен үшін үлкен сабақ. Ешкімге ақталмаймын. Өзім және отбасым үшін нан табу үшін күресемін. Біреудің айтқанына қарап тоқтамаймын. Мен тек Аллаға сенемін", – деп жазды Заманбеков.

Жекпе-жекке қарамастан, спортшының рухы биік. Оның бұл жазбасына әлеуметтік желідегі оқырмандары қолдау білдіріп, жылы лебіздерін қалдырды:

  • "Сен біздің чемпион!"
  • "Басыңды тік ұста, бауырым!" 
  • "Жеңіліс — жеңіске апарар жол".