Танымал балуан, кезінде Қазақстанда жаттықтырушылық қызмет атқарған Хаджимурат Гацалов допингке қатысты ережелерді бұзды деген күдікпен жарыстардан уақытша шеттетілді. Бұл туралы Халықаралық допинг-тестілеу агенттігінің (ITA) ресми мәлімдемесінде хабарланды. Шеттету шешімі 2025 жылдың 5 мамырынан бастап күшіне енді.
42 жастағы Хаджимурат Гацалов 2023 жылдан бері Ресейдің еркін күрестен ұлттық құрамасының бас бапкері болып қызмет атқарып келеді. Спорттық мансабының ең шарықтау шегі – 2004 жылы Афинада өткен Жазғы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленуі.
Бұдан бөлек, ол бес дүркін әлем чемпионы (2005, 2006, 2007, 2009, 2013) және үш мәрте Еуропа чемпионы (2003, 2004, 2006) атанған. 2020 жылы Гацалов Армения азаматтығын алып, халықаралық аренада осы елдің атынан жарысқа қатысқан болатын
Хаджимурат Гацалов Қазақстан спортында да із қалдырған тұлға. 2017 жылдың 14 шілдесінде Алматыда ашылған Қазақстандық еркін күрес академиясының тұңғыш директоры әрі бас бапкері ретінде елдің спорттық дамуына үлес қосты. Оның басшылығымен көптеген жас спортшы халықаралық деңгейде тәжірибе жинады.