Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың командасы – Dar Team Instagram парақшасында Ислам Махачевпен болатын титулдық айқас туралы пікір білдірді.
Әлеуметтік желідегі жазбада жартылай орта салмақтағы UFC рейтингінің 3-нөмірлі файтері Шавкат Рахмонов пен жеңіл салмақтың қазіргі чемпионы Ислам Махачевтің көз арбастыру сәті бейнеленген сурет жарияланған. Суретке:
"Мұндай титулдық жекпе-жек жақын арада болуы мүмкін" — деген жазба қалдырылған.
Еске сала кетейік, өткен демалыс күндері жартылай орта салмақта жаңа чемпион анықталды. Австралиялық Джек Делла Маддалена америкалық-палестиналық файтер Белал Мұхаммадті жеңіп, чемпиондық белбеуді иеленді.
Жекпе-жектен кейін Маддалена Ислам Махачевпен жекпе-жекке шығуға дайын екенін мәлімдеді. Айта кетейік, Махачев жеңіл салмақтағы титулын босатып, жартылай орта дивизионға көтерілуге бел буғанын білдірген.
Қазір Шавкат Рахмонов тізе жарақатынан кейін оңалту кезеңін бастан өткеріп жатыр. Алайда оның командасы болашақта чемпиондық белдік үшін күресуге толық сенімді екенін көрсетіп отыр.