27 мамырда Астанада өтетін Alash Pride FC 108 турнирінде бразилиялық UFC экс-файтері Раулиан Пайва (23-6-1) мен қазақстандық Жәнібек Тыныштық (5-0) октагонда жолығады.
Раулиан Пайва 29 жастағы тәжірибелі жекпе-жекші. 2019 бен 2022 жылдар аралығында UFC-де жеті жекпе-жек өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жеткен. Ол қазақстандық Жалғас Жұмағұловты даулы шешіммен жеңіп, кейін Сергей Морозовтан ұтылды. Сонымен қатар Шон О’Мэллиден нокаутпен жеңіліс тапты.
Ал оның қарсыласы 25 жастағы Жәнібек Тыныштық — Ақтөбе қаласының тумасы. Қазір ол ММА-дағы кәсіби мансабында 5-0 есебімен жеңіліссіз келе жатыр. Осы бес жекпе-жектің тек біреуі төрешілер шешімімен аяқталған. Қалғандарын мерзімінен бұрын аяқтаған.
Екі спортшы да Alash Pride FC лигасында өнер көрсеткен.
Жәнібек Тыныштық бұл промоушнде былтыр екі мәрте жеңіске жетіп, қарсыластарын мерзімінен бұрын тоқтатты. Ал Раулиан Пайва осы лигада қазақстандық Руслан Сәриевке төрешілер шешімімен есе жіберді.