Қазақстандық боксшы Виктор Темиров келесі кездесуіне дайындықты бастап кетті. "Қасапшы" лақап аты мен жас Геннадий Головкинге ұқсастығы оны неміс жанкүйерлерінің сүйіктісіне айналдырып келеді.
BoxRec.com мәліметіне сәйкес, Виктор Темиров 14 маусым күні Германияның Ганновер қаласында рингке оралады. Оның қарсыласы – Польша елінің өкілі Матеуш Павловски (3 жеңіс, 5 жеңіліс, 2 нокаут) болады. Бұл бірінші орта салмақта өтетін алты раундтық кездесу болады.
Темиров үшін бұл 2025 жылғы екінші жекпе-жек болмақ. Ол бұған дейін 12 сәуір күні Германияның Квакенбрюк қаласында поляк боксшысы Адам Цеслякты (8-25-1, 3 КО) техникалық нокаутпен жеңіп, жанкүйерлерді тәнті еткен еді.
Кәсіби рингте "қасапшы" лақап атымен танылған Темировты неміс жанкүйерлері Геннадий Головкиннің жас шағындағы нұсқасы ретінде қабылдай бастады. Бұл кездейсоқ емес. GGG де дәл осы Германияда кәсіби мансабын бастаған. Жойқын соққы, батыл тактика және рингтегі мінез – Темировтың да бойынан осы қасиеттерді көруге болады.