"Барлығы стероидте!" — "Канело" Альварестің командасы тағы да масқара болды

Редактор Penalty.kz
23.06.2025, 19:17

Жартылай ауыр салмақтағы WBC чемпионы Давид Бенавидес мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альваресті допинг қолданды деп ашық айыптады.

oxu.az

Бенавидес: "Ол стероидтерден бас тартқан емес"

Бенавидестің "Канелоны" ұнатпауына өзіндік себептері бар. Ол бір кездері Альвареспен жекпе-жекке шығуға міндетті үміткер ретінде екі жыл бойы дайындалып, ақырында бұл мүмкіндікке қол жеткізе алмаған. Оның айтуынша, бұл жағдайға WBC ұйымының әрекетсіздігі де әсер еткен.

"Егер ол өзіне 100% сенімді болса, менімен жекпе-жекке шығудан бас тартпас еді. Әсіресе оның командасының барлығы дерлік стероидте отырғанын ескерсек. Иә, дәл солай – барлығы. Оның ішінде өзі де бар. Ол ешқашан стероидтен бас тартқан емес. Қазір де қолдануда. Бір команданың бес бірдей мүшесі допингпен ұсталып жатса, бұл кездейсоқтық па?" – деді Бенавидес Clocked N’Loaded бағдарламасына берген сұхбатында.

Дэвид Бенавидес. ФОТО: sportbox.ru

Альварестің командасындағы допинг жанжалдары

Бенавидестің бұл сөзі жақында болған тағы бір допинг дауына байланысты айтылды. 2025 жылғы мамырда өткен Хайме Мунгиа мен Бруно Сурас арасындағы жекпе-жектен кейін Мунгианың допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткен. Айта кетейік, бұл жекпе-жек кезінде Мунгия алғаш рет "Канелоның" жеке бапкері Эдди Рейносомен жұмыс істеген. 

Бұл жағдай "Канело" командасындағы алғашқы оқиға емес. Бұған дейін Оскар Вальдес, Хулио Сесар Мартинес және Сауль Альварестің өзі де допингпен байланысты даулы жағдайларға тап болған.