Әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Ресей құрамасының үздік спортшыларымен өткізілген бірлескен жаттығу жиындарынан фото және әсерлі сәттерін жариялады.
Назым Instagram парақшасында Ресей құрамасының көшбасшыларының бірі Юлия Чумгалаковамен бірге түскен суретті жариялап, жаттығу барысын сипаттады:
"Қонақтарымызды әрқашан қуана қарсы аламыз… әсіресе қолғаппен келсе. Ресейлік қыздармен бірлескен оқу-жаттығу жиындары өтті.
Тамаша спаррингтер, қатаң раундтар және ешқандай аяушылық жоқ — бәрі чемпиондық деңгейде өтті.
Бірге жаттығу арқылы күшейеміз. Келгендеріңізге рақмет!", — деп жазды Назым.
Юлия Чумгалакова — 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Еуропа чемпионатының екі дүркін жеңімпазы. Сербияның Ниш қаласында өткен финалда дәл осы Чумгалакова Назым Қызайбаймен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша жеңіліс тапқан. Ал Қызайбай өз кезегінде әлемнің үш дүркін чемпионы атанды.