
Боксшылар әлемдік кубокқа аты аңызға айналған Камачо бауырларымен бірге дайындалып жатыр.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов американдық фитнес-жаттықтырушылар Кристофер мен Дарио Камачоның елге оралғанын мәлімдеді. Қазір олар құрама сапында жұмыс істеп жатыр.
"Алдымен — әлем кубогына, содан соң — әлем чемпионатына дайындаламыз. Бізге көмектесіп жүрген жаттықтырушылар көп. Бірақ ең танымал мамандардың бірі — Камачо бауырлар. Олар — өз ісінің нағыз шеберлері. Бізге зор қолдау көрсетіп жатыр", — деді Сәтжанов.
Кристофер Камачо — кәсіби бокста аты аңызға айналған Геннадий Головкиннің жаттығу процесіне белсенді қатысқан маман. Ол UFC ұйымының жұлдыздары — Хабиб Нурмагомедов, Даниэль Кормье, Кейн Веласкес және Люк Рокхолд сынды файтерлермен де жұмыс істеген.
2024 жылы Кристофер мен Дарио Камачо Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатына қатысқан қазақстандық боксшыларды физикалық тұрғыдан дайындаған. Жарыстан кейін олар АҚШ-қа кеткен. Енді олар Қазақстанға қайта оралып, жас спортшылармен тәжірибе бөлісуге ниетті.