Төрехан Сабырханның келесі мақсаты белгілі болды
Қазақстандық талантты боксшы Төрехан Сабырхан Астанадағы әлем кубогы қатысушыларының тізімінен неге табылмағанын түсіндірді.
Бапкердің шешімі заң
Сабырхан Olympic.kz сайтына берген сұхбатында:
"Бұл жолы Абылайханның (Жүсіпов) тәжірибесі көбірек. Сондықтан жаттықтырушылар оны таңдап отыр. Әрине, бапкердің шешімі – біз үшін заң. Қазір мен осы салмақ дәрежесінде екінші нөмірлі боксшымын. Енді алда U-22 Азия чемпионаты бар. Сол жарысқа қатысуым мүмкін", – деді.
Ал өз кезегінде Абылайхан Жүсіпов алғашқы жекпе-жегінде-ақ сенсациялық түрде жарыс жолынан шығып қалды. Ол қырғыз боксшысы Алмаз Орозбековтен айласын асыра алмады.
Тарихтағы төрт дүркін чемпион
Төрехан Сабырхан — жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық боксшы. Ол әуесқойлар арасында жаңа деңгейге өтіп, бірнеше ірі жарыста топ жарды.
2025 жылы:
- Софияда өткен" Странджа кубогын" жеңіп алды,
- Бангкоктағы Thailand Open турнирінің чемпионы атанды.
- Одан бөлек Төрехан кәсіпқой бокста да дебют жасап үлгерді.