Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы АҚШ-қа жол тартты. Бұл туралы боксшы өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарлады.
“Америкаға аттандым. Қараша айына жоспарланған жекпе-жекке тыңғылықты дайындаламын. Карлос Адамес келісім берсе — қарсы шығуға дайынмын. Егер ол бас тартса, белбеулерімді өзге боксшыларға қарсы қорғаймын”, — деп жазды Жәнібек.
Қазір жанкүйерлер қазақстандық чемпион мен доминикандық Карлос Адамес арасындағы жекпе-жекті асыға күтіп жүр. Бұл кездесуге байланысты WBC президенті Маурисио Сулейман Адаместің титулын қорғау мерзімін кейінге шегеріп, Жәнібек — Адамес айқасын ұйымдастыруға ниетті екенін мәлімдеген еді.
Белгілі промоутер Турки Әл аш-Шейх бұл кездесу Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтеді деп жоспарлаған. Алайда Адамес тарапы келісім бермегендіктен жекпе-жек ресми түрде бекітілмей қалды.