Бұл туралы оның менеджері Саят Әбдірахманов мәлімдеді. Қазіргі таңда Рахмоновтың ықтимал қарсыластары ретінде Камару Усман мен Белял Мұхаммедтің есімдері аталып отыр.
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов жуырда октагонға оралады. Оның менеджері Саят Әбдірахмановтың айтуынша, егер денсаулығы сыр бермесе, спортшы қараша айында UFC турниріне қатысады. Бұл уақытта дивизионның басты жекпе-жегі – Ислам Махачев пен Джек Делла Маддалена арасындағы титулдық кездесу өтеді деп жоспарланып отыр.
Саят Әбдірахманов sport24 сайтына берген сұхбатында Рахмоновтың қазіргі жағдайы туралы айтты:
«Ислам мен Маддалена қарашада жекпе-жекке шығады. Сондықтан Шавкат үшін де дәл сол кезеңде октагонға шығу — дұрыс шешім. Бұл болашақта чемпионмен күнтізбе бойынша қатар жүруге мүмкіндік береді».
Менеджердің айтуынша, Рахмонов алғашында 2024 жылдың желтоқсанында титул үшін Белал Мұхаммедпен жұдырықтасуы керек болған. Алайда қарсыласының жарақатына байланысты кездесу өтпеді. Кейін бұл жекпе-жекті мамырға ауыстыру ұсынылған, бірақ бұл жолы Шавкаттың өзі жарақат алып, өнер көрсете алмады.
«Дивизионда жаңа есімдер шығып жатыр. Тым көп күтудің қажеті жоқ. Қазір ең бастысы – денсаулық. Егер бәрі жақсы болса, қараша – нақты нұсқа», – деді Әбдірахманов.
Шавкат Рахмоновтың ықтимал қарсыластары ретінде Камару Усман мен Белал Мұхаммедтің есімдері аталып отыр. Екі файтер де топ деңгейдегі қарсыластар, әрі олармен жекпе-жек Рахмоновтың чемпиондыққа жолын ашуы мүмкін.
UFC жұлдызы Ислам Махачев пен UFC чемпионы Джек Делла Маддалена арасындағы кездесу 15 қарашада Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді деп күтілуде. Бұл туралы Хабиб Нурмагомедов жанкүйерлермен кездесуде айтты. UFC 322 турнирінің басты оқиғасы – осы кездесу болады.