
Таиланд астанасы Бангкокта Тулкин Киличев World Boxing ұйымының алдағы сайлауына қатысты батыл мәлімдеме жасап, өз елінің үміткері Сәкен Полатовты ашық қолдайтынын жеткізді.
Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен Asian Boxing Конгресі аясында Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев баспасөз мәслихатын өткізіп, бокс федерациясының алдағы жоспарларымен бөлісті.
Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Киличев елінің әлемдік аренадағы көшбасшылығын ерекше атап өтті:
«Өзбекстан қазіргі таңда әлемдік бокста бірінші орында екенін дәлелдеп келеді. Құдай қаласа, World Boxing ұйымы аясында өтетін жарыстарда да үздік нәтиже көрсетеміз. Егер барлығы сәтті болса, Сәкен Жетибаевич аталған ұйымның президенті болады», – деді ол.
Сәкен Жетибаевич – Өзбекстан бокс федерациясы басшысының орынбасары Сәкен Полатов. Ол жақында Asian Boxing ұйымының вице-президенті болып тағайындалған еді. Бұл ұйым Азиядағы әуесқой бокс үшін жауапты негізгі құрылым болып саналады.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкин де осы ұйымның президенттігіне үміткер ретінде аталатын. Головкин бүгінде World Boxing ұйымы жанындағы Олимпиада комитетінің жетекшісі қызметін атқарады және ол биыл қарашада өтетін президенттік сайлауға қатысуы мүмкін.