Дмитрий Бивол рингке қашан оралады?
Дмитрий Биволдың катмені Дмитрий Лучников "Матч ТВ"-ға берген сұхбатында ресейлік боксшының арқаға жасалған операциядан кейінгі рингке қайта оралуы жайында айтты.
Лучников айтуынша:
“Операция туралы ақпарат біз үшін тосын болды. Кәсіби спортшылар үнемі жарақат алады. Дайындық әрдайым денсаулыққа әсер етеді. Диманың толық қалпына келуі маңызды. Нақты дерек жоқ, бірақ тәжірибеме сүйеніп айтарым — жекпе-жек ақпанда өтуі ықтимал. Бұл кезеңде әдетте үлкен шоулар ұйымдастырылады”.
Соңғы жекпе-жектер мен жағдай
2024 жылдың қазан айында Артур Бетербиев Дмитрий Биволды жеңіп, жартылай ауыр салмақта абсолютті чемпион атанған. Алайда 2025 жылдың ақпанында Эр-Риядтағы реваншта Бивол көпшілік шешімімен жеңіске жетіп, чемпиондық белбеулерін қайтарып алды. Дмитрий Биволдың кәсіби рингтегі көрсеткіші: 25 жекпе-жек, 24 жеңіс (12-сі нокаутпен) және 1 жеңіліс.
Титулдан айырылуы
Бұған қоса, жақында Әлемдік бокс кеңесі (WBC) 34 жастағы Дмитрий Биволды титулынан айырды. Бұл шешім боксшының америкалық Дэвид Бенавидеспен міндетті жекпе-жек өткізуден бас тартуына байланысты қабылданды.