UFC 319: Әліби Ыдырыс алғаш рет жеңілді.
АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Чикаго қаласында өткен UFC 319 турнирінде қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Әліби Ыдырыс (10-0) күтпеген нәтижемен көзге түсті. Ол америкалық Джозеф Моралеске (12-2) қарсылас атанды. Бұл айқас The Ultimate Fighter шоуының финалы еді. Жеңімпаз UFC-пен ресми келісімшартқа қол қоятын. Айта кетейік, бұған дейін ешбір қазақстандық спортшы бұл шоуда топ жармаған.
Бәске тігілген тартыс ең жеңіл салмақта өтті және үш раундқа жоспарланған еді. Дегенмен шайқас екінші раундта аяқталды. Джозеф Моралес қарсыласын ауырту тәсілімен жеңіп, сенсация жасады. Мамандардың пікірінше, айқын фаворит ретінде Ыдырыс қарастырылған.
Осылайша Моралес кәсіби мансабындағы 13-жеңісіне қол жеткізіп, UFC-пен ресми келісімге қол қойды. Ал Әліби Ыдырыс кәсіби MMA мансабындағы алғашқы жеңілісіне тап болды.