Қазақстандық ММА шебері Дияр Нұрғожай (11-1) Қытайдың Шанхай қаласында өткен UFC Fight Night 257 турнирінде октагонға шықты.
Нұрғожайдың қарсыласы қырғызстандық файтер Уран Сатыбалдиев (8-1) болды. Айта кетейік, UFC тарихында Қазақстан мен Қырғызстан өкілдері алғаш рет бір-біріне қарсы шықты. Бұл кездесу жартылай ауыр салмақта үш раундқа жоспарланған еді, алайда бәрі күтпеген жерден алғашқы бес минутта шешілді.
Жекпе-жек өте қарқынды басталғанымен, бірінші раундта Сатыбалдиев қазақстандық спортшыны тұзағына түсіріп, ауырту әдісімен жеңіске жетті. Осылайша тарихи айқас тартысты басталғанымен жылдам аяқталды.
Бұл жекпе-жек қырғызстандық файтердің кәсіби мансабындағы тоғызыншы жеңісі болды. Сонымен қатар, ол UFC промоушеніндегі алғашқы жеңісіне жетті (рекорды – 1-1).
Ал Дияр Нұрғожай үшін бұл екінші жеңіліс болды. Оның UFC-дегі көрсеткіші – 0-2.