АҚШ-тың бұрынғы әлем чемпионы Роберт Гарсия отандасы Теренс Кроуфордтың болашағына қатысты батыл болжам жасады. Оның айтуынша, Кроуфорд рингтегі соңғы сөзін Сауль «Канело» Альвареспен реванштан кейін айтады.
Роберт Гарсия Кроуфордтың әлі де үлкен жекпе-жекке шығатынына сенім білдірді:
«Меніңше Кроуфорд реваншқа келіседі. Өйткені ол тағы да "Канелоны" жеңе алатынын біледі. Оның үстіне, бұл айқаста өте үлкен қаржы тұрады. Неге тағы бір мәрте шықпасқа?» – деді Гарсия MillCity Boxing YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Гарсияның сөзінше, Кроуфорд бастапқыда соңғы жеңістен кейін-ақ бокс қолғабын шегеге ілуге дайын болған.
«Ол маған жеке айтқан: "Осыдан кейін тоқтаймын" деп. Бірақ оның формасына қарасақ, реваншқа шығуы қисынды болар еді. Сол себепті мен Кроуфорд мансабын Альвареспен қарымтадан кейін аяқтайды деп ойлаймын», – деді бапкер.