АҚШ-тың бокс туралы жазатын журналисі Васим Мазер (That Boxing Guy) Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) қазақстандық орта салмақтағы боксшы Мейірім Нұрсұлтановқа өздерінің әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.
Нұрсұлтанов 2023 жылдан бері доминикандық Карлос Адаместің міндетті үміткері болып саналады. Жақында WBC жыл сайынғы конвенциясында Мейірімнің осы мәртебесін ресми түрде растады. Мазердің пікірінше, бұл ұзаққа созылған мәселеге ұйым әлдеқашан нақты шешім қабылдауы керек еді.
«Міндетті үміткерлермен өтетін жекпе-жектер сирек жағдайда үлкен шу мен ажиотаж тудырады. Олар тыныш келеді — хайптан гөрі міндеттілік сипатында. Бірақ олардың маңызы өте зор. Олар чемпиондарды сынайды, үміткерлердің мәртебесін дәлелдейді және рейтингтердің мәні болуы керектігін боксқа еске салады.
Нұрсұлтанов көп сөйлемейді. Оған бұл қажет те емес. Оның позициясы бәрін айтып тұр. Ал енді уақыт қайта жүре бастаған сәтте, WBC-тің орта салмақтағы дивизионы ұзақ уақыт бойы кейінге қалдырылған сұрақпен бетпе-бет келуге мәжбүр», — деп жазды шолушы өз сайтында.
Естеріңізге салсақ, Мейірім Нұрсұлтанов соңғы рет рингке 2023 жылы Хулио Аламосқа қарсы шығып, оны төрешілердің шешімімен жеңген еді.