Жұмағұлов титулдық жекпе-жек алдында қарсыласынан ауыр боп шықты
Чехия–Словакияның Oktagon MMA лигасында (жиі «Еуропаның UFC-і» деп аталады) чемпиондық белбеуді қорғауға дайындалып жатқан қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов ресми өлшеуде салмақ лимитіне сыя алмады.
Өлшеу қорытындысы: 57,05 кг — лимит 56,7 кг
28 желтоқсанда Прагада (Чехия) өтетін турнирде Жалғас Жұмағұлов жергілікті файтер Давид Дворжакпен кездеседі. Бұл айқас ақтөбелік файтер үшін алғашқы титул қорғау болуы тиіс.
Жекпе-жек қарсаңында қарсыластар таразыға шыққан кезде Жұмағұловтың салмағы 57,05 кг болып тіркелді. Бұл жеңіл салмақтағы белгіленген шектен (56,7 кг) жоғары.
Ұйымдастырушылар мәліметінше, қазақстандық спортшыға артық салмақтан арылу үшін 2 сағат уақыт берілген.
Жұмағұлов белбеуді қашан алды?
Жалғас Oktagon MMA чемпионы атағын 2025 жылдың маусымында жеңіп алған. Ол кезде қазақстандық файтер грузиялық Бено Адамияны (12-9-2) төрешілердің бірауызды шешімімен ұтып, чемпиондыққа көтерілген еді.